Деканның хабарламасы

Құрметті білім алушылар!!!

Сіздерді Ақтау қаласында орналасқан Ш. Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университетіне оқуға шақырамыз. Есенов университетінің студенті атану – бұл зор мәртебе әрі үлкен жауапкершілік. Университет еліміздегі заманауи, қарқынды дамып келе жатқан жоғары оқу орындарының бірі болып табылады және халықаралық білім беру кеңістігінде өз орнын нығайтып келеді.

Ш. Есенов атындағы университет – Каспий өңірінің зияткерлік орталығы ретінде білім, ғылым және инновацияны ұштастыра отырып, еңбек нарығында сұранысқа ие жоғары білікті мамандар даярлайтын беделді оқу орны. Университет білім алушыларға сапалы білім беріп қана қоймай, олардың кәсіби және тұлғалық дамуына кең мүмкіндіктер ұсынады. Бізді таңдай отырып, сіз өз болашағыңызға сенімді қадам жасап, табысты мансап құруға берік негіз қалайсыз.

Қазіргі таңда әлемдік сарапшылар алдағы жылдары гуманитарлық және педагогикалық ғылымдарға деген сұраныстың арта түсетінін атап өтуде. Себебі бүгінгі қоғамға шығармашылық тұрғыда ойлай алатын, сыни көзқарасы қалыптасқан, өзгермелі ортаға тез бейімделетін мамандар қажет. Осындай құзыреттерді қалыптастыруда педагогика  факультетінің білім беру бағдарламалары ерекше орын алады. Факультет бағдарламалары студенттердің шығармашылық әлеуетін ашуға және кәсіби құзыреттілігін дамытуға бағытталған.

Білім беру және гуманитарлық зерттеулер факультеті мектепке дейінгі және бастауыш білім беру, педагогика және психология, тарих, арнайы педагогика,  дәстүрлі музыка өнері, химия, биология, география, химия–биология, математика, физика, информатика бағыттары бойынша жоғары білікті мамандар даярлайтын өңірдегі жетекші орталықтардың бірі болып саналады. Оқу үдерісінде шет тілдерін меңгеруге, тәжірибеге бағытталған білім беруге және түрлі білім беру ұйымдарымен тығыз әріптестік орнатуға ерекше мән беріледі.

Факультет түлектері ғылым мен білім беру саласында, мемлекеттік және әкімшілік құрылымдарда, мәдени-ағартушылық мекемелерде, ішкі істер органдарында және басқа да салаларда табысты қызмет атқаруда. Республика мен аймақтың саяси, қоғамдық және ғылыми элитасы қатарында факультет түлектерінің болуы – білім сапасының айқын көрсеткіші.

Факультет құрамындағы кафедраларда қызмет ететін білікті ғалымдар мен тәжірибелі педагогтар студенттердің таңдаған мамандығын терең меңгеруіне және университет қауымдастығының толыққанды мүшесі ретінде қалыптасуына жан-жақты қолдау көрсетеді. Оқытушылардың жетекшілігімен сіз өз бойыңыздағы жасырын қабілеттеріңізді ашып, кәсіби және тұлғалық тұрғыда дамисыз.

Есенов университетінде білім ала отырып, сіз заманауи қоғам талаптарына бейімделуді, жауапкершілікті, азаматтық ұстанымды және үздіксіз дамуға ұмтылуды үйренесіз.

Ш. Есенов атындағы университетті таңдау – жарқын болашаққа бастар сенімді жол. Бізбен бірге өз армандарыңызды жүзеге асырыңыз!

 

Мәдениеттану ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор

Мамбетова Алтынай Ибрагимовна